16
февраль
2021
«Жыр жүйрігі – Мұқағали»
Қазақтың поэзия әлемінде артына өшпестей із қалдырған, жүрек қылын шертер өлеңдерін ұрпағына аманаттап кеткен ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Жыр жүйрігі – Мұқағали» атты қашықтықтан байқау ұйымдастырылды. М.Мақатаевтың шығармашылығын насихаттау, ақынның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, жас таланттарды тануды мақсат еткен байқау үш бағытта өтті. «Туады, туады әлі нағыз ақын» ақынға арнау (9, 11-сыныптар) аталымы бойынша қатысушылар өз шығармашылығынан ақынға жыр жауһарларын арнады. «Алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан» поэзия іздеп, қаламға жақын жыр ақтаңгерінің ізін жалғады. «Поэзия, сен менімен егіз бе едің?!» (мәнерлеп оқу) аталымы бойынша қатысушылар поэзия мұзбалағының қастерлі мұрасын нақышына келтіре оқыды. «Кейде күлімдеген, кейде түңілген жанның» дауысын, жүрек соғысын жеткізе білді. «Аққудың қанатына жазылған жыр» (сурет көрмесі) аталымы М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арнап сурет салды. «Өмірді жырлау үшін келген» ақынның портретін салып, жыр жолдарымен үндескен жұмыстарын жолдады. Байқауға белсене қатысқан оқушылар мен оларға жетекшілік еткен мұғалімдерге алғыс білдіреміз!